• Главная
  • Махамбет ауылында жүн өңдеу цехы ашылды
18:00, 27 октября 2023 г.

Махамбет ауылында жүн өңдеу цехы ашылды

фото: аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі.

фото: аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Махамбет ауылында жүнді жуып, түтетін, қайта өңдейтін және құрақ көрпе мен қыз жасауын жасайтын цех ашылды. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Жеке кәсіпкер Шолпан Торбаева Атырау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының қаржыландыруымен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Ауылдық жерлерде шағын және орта бизнесті дамыту» бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген несие алып, «Жібек» жүн өңдеу цехын ашты. 

- Шеберханамды әжем Жібектің атымен атадым. Өйткені, әжем өте ісмер адам болатын. Маған осы қасиет әжемнен дарыған. Көп жылдар бойына үй жағдайында іс тігіп, көрпе жасап келдім. Ендігі жерде халықтың тарапынан сұраныстың артып, тапсырыстың көбеюіне байланысты осындай цех ашуға тура келді. Мемлекеттің қолдауымен жеңілдетілген несие алып, цехтың жұмысын бастап жатырмын. Негізгі жұмысымыз - құрақ құрау, қайта өңдеу, яғни ескі көрпелерді қайта жаңарту. Бұл процестің барлығы қазір автоматтандырылған. Жүнді жуатын, түтетін, тігетін, сырып тігетін, кестелеп өрнек салатын арнайы тігін машиналарын сатып алдым. Қыз жасауымен қатар қонақ көрпе, қоржын, әйел адамдардың кәжекейін тігеміз. Енді ер адамдарға арналған заманауи оюлы сырмақ тігу ойымда бар,- деді Ш.Торбаева.

Оның айтуынша, құрақ көрпе тігу өте қиын, төзімділікті талап ететін жұмыс. Өйткені, құрақ математикалық бөлшектерден тұрады. Әр бөлшектің үйлесімділігі болуы керек екен. Сол себепті бір қыз жасауын жасау үшін екі ай уақыт кететінін жеткізді. Осыған байланысты құндылығы да, бағасы да жоғары. Қонақ көрпелерді 10 мың теңгеден, қыз жасауын 15 мың теңгеден сатуда.  

Ал «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалы басшысы Жексенбай Пазуловтың айтуынша, кәсіпкерге «Первомайский» ЖШС-нен түйе жүнін алып тұруға мүмкіндік берілуде.  

Кәсіпкер қазіргі таңда 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде үш тігінші, бір механик, бір сантехник бар. Болашақта шағын цехын үлкейтіп, 10 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлауда.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #цех #жүн өңдеу
Объявления
live comments feed...