СҰХБАТ
16:51, 8 ноября 2017 г.
Маржан ЕРШУ: « БӨРІДЕЙ ӨЛЕҢ ЖАЗУ ҮШІН БӨРІДЕЙ МІНЕЗ КЕРЕК-АҚ»
СҰХБАТ
Поэзия – әлемдік өмірдің қан тамырының құштарлықпен шиыршық ата соғуы,сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен нұры. Ақындық – өнер біткеннің шыңы екендігінде дау жоқ. Шын талант үшін ақындық өлең ғана емес, поэзия ғана емес, ол өмір! Өмірін өлеңге арнап, қырсықтау мінезімен ерекшеленіп жүрген жерлесіміз Маржан Ершумен (Айек) әңгіме өрбіттік. Қазақ әдебиетіндекез келген әлем ақындарымен иық тірестіріп жүрген ақын ғана емес, сонымен қатар драматург, аудармашы, прозаик, сатирик. Филология ғылымының кандидаты. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. IV халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-При иегері, Халықаралық «Бөбек» қорының арнайы дипломымен марапатталған. 1996 жылы «Жылдың үздік ақыны», «Жыл адамы» атағын иеленген. Ендеше, біз өрбіткен әңгіменің сіздерде куәгері болыңыздар!
- Әкеңіз Аманқос Ершуов – белгілі ақындардың бірі. Талабыңызды ұштап, бағыт-бағдар берген cол кісі болар?
– Ақындық – біздің ата-бабамыздың қанымен жалғасып келе жатқан өнер. Менің аталарым – батырлығымен де, шешендігімен де ел есінде қалған адамдар болған. Әйгілі Сүйінғара батыр аталарымыз боп келеді. Әлі есімде, ең алғаш мектепке барғанымда, мұғалім апай маған «Ершеуова» деді. Өкпелеп үйге келген мен Назар атама: «Мұғалім фамилиямды қате айтты, балалар мазақтады. Атамызды неге Ершу деп атаған, басқа ат таба алмаған ба?» – дедім. Сонда атам: «Ер – аттың ері, атқа мінгенде «шуу» деп қамшы басады. Ер деген – азамат, жігіт. Жігіт аузына су құйып алғандай жақ ашпай жүре берсе, нағыз жігіт бола ма?! Ершу деген атты осыған байланысты қойған. Ершу атаң сол атына сай адам болды», – деген еді.«Әкеңнің ақындық қасиеті нағашыларынан дарыған» деп отыратын әжем. Әкем Аманқос ауыл мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп-интернаттың директоры болды. Бала кезімізде біздің әр түрлі қылықтарымызға орай, табан астында өлең шығаратын. Қара сөзден гөрі өлеңнің адамға әсері күшті екенін байқап, ақын болуды армандап өстім. Әкемнің тәрбиесі қаламды серік етуіме ықпал етті.
Жалпы өзіңіз туралы айта кетсеңіз. Өйткені, сіздің кітаптарыңыз бен өмірбаяныңыздан басқа көп нәрсе айтыла бермейді.
-Атырау облысы, Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылында дүниеге келдім. Біздің жақтың қысы қатты, жазы аптап ыстық. Жем өзенінің жағасында орналасқан шағын ғана ауыл. Әкем де, анам Алтын Қоқашева да ауылдағы мектепте ұстаздық қызметін атқарды. Әкем қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі еді. Менің сүйіп оқыған пәнім де –қазақ тілі мен әдебиеті. Анам Алтын да мектепте математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Отбасындағы бес баланың үшіншісімін. Мектепте оқып жүргенімде республикалық балалар басылымдарына өлеңдерім мен мақалаларым жарияланып тұратын
-«Шырақ» , «Пырақ», «Аламан» аттыкітаптарыңыз «Айек» деген псевдониммен шығыпты. «Айек» деген сөздің құпиясын ашып берсеңіз. Жалпы есіміңізді Маржан деп кім қойған?
-2004 жылы «Шырақ»деген кітабымды «Айек» деген псевдониммен шығардым. Псевдониммен шығарған себебім, былай болды. 2003 жылы «Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясымен шыққан 100 -томдықтың 58-томына менің шығармаларым енген еді. Кітабым шықты деп қуанып жүрсем, ол кітаптың ішіндегі сорақылығы сол, өлеңдерімнің бас-аяғы ретсіз қысқарып құр шатпаққа айналдырып кетіпті. Кітап кітапханаларға таратылып, дүкен сөресіне түскен. Әдебиет ауылына бет алған, «базарға кетіп бара жатқан» жас ақын үшін бұл зор соққы еді. Қиналдым. Жарықтық Карл Маркс « Өмір-күрес» депті ғой. Содан қолымнан келгені «Шырақ» атты кітабыма күн-түн демей кірісіп кеттім. Атымды «Маржан» деп Назар атам қойған. Меніңталантымды бағалап, үміт күткен де,жанашырлықпен көп көмегін тигізгенде, «Айек» деген псевдонимді қойған да халқымыздың мақтанышына айналған , әдебиет пен мәдениеттің жанашырыИманғалиТасмағамбетов ағамыз болатын. Әдебиет алдында жауапкершілікті сезініп жүрсін, рухы көтерілсін деген болар ,өлеңдерің қалпақпен ұрса құламайтын, Бейбарыстай мықты болсын тілекпен, Жазушылар одағының мүшелік билетімепсевдоним деген тұсына өз қолымен«Айек» деп жазып берген еді. Мен жаңа ғасырдағы жастар әдебиетінде псевдониммен кітап шығарған әзірге жалғыз ақын шығармын.
-Әдебиетке адалдық керек дейді ?
-Бұл күнде жүрегімен сөйлеуге ерінгендер ернінің ұшымен ғана сөйлейтін болды. Мысалы: Біздің әдебиет әлем әдебиетімен қатар тұратын әдебиет дей салады. Сол сөзден не өзгерді? Немесе қандай мағұлмат алдың? Қазір жер-жерде мүшәйралар өтеді. Өту үшін өткелден тамыр-таныстық керек тағы, бұл- классик, гений ғой бәс көтертетін. Жан-жағыңа қарасаң, ойбай-ай, деп жан ұшырып жүгіріп қызыл шеке боп жүрген желаяқ ақындарды көресің. Сөйлеп кетсе, бірін- бірі мойындамас кілең ірі, кілең ұлы. Шамасы, ешкім де осал емес. Қазақтың екі қолына күрек бітсе, не қаламға, не нотаға айналдырып жіберетіні ғажап.Толған сазгер, толған ақын. Бәрінен де өнердегі салмақсыздық жақсы емес-ау деймін. Адалдықты әдебиетке келген адам ең әуелі, өз бойынан іздеуі керек.
-Хиуаз Доспанова туралы поэмаңыз қалай туды?
-Халық қаһарманы батыр ұшқыш апамыз Хиуаз Доспанова туралы деректі кеш білдік қой. Батыр деп заң жүзінде танылғанда ғана. Жерлес батыр апам жайлы жазғым келді. Содан Хиуаз апамызға хабарласып: «Апа, Жайықтың жағасынан, Атыраудан соңыңыздан ерген ақын сіңліңізбін. Сіз туралы поэма жазсам деп көптен ойланып жүрмін.Қалай қарайсыз ? Бұл әрекетім дұрыс па?» дедім.Сонда Батыр апам ерекше көңілденіп, «Молодец! Умница!» деп маған ақ батасын берді. Өкініштісі, мен поэмамды аяқтағанда, Хиуаз апамыз о дүниелік боп кетті. Арнайы барып, өзіне оқып берем деп ойлаған едім. Осы поэмам негізінде суретші Камила Жапалова «Қайсарлық» атты картина салған еді. Болашақта Хиуаз Доспанова туралы да кітап шығару жоспарымда бар.
– Ертегі де жазып жүрсіз. Алғашқы ертегіңіз дүниеге қалай келді?
– Жазушылардың өткен құрылтайында бір жазушы маған ренжіп: «Сен кімсің: жазушысың ба, әлде ақынсың ба?» – деді. «Жазам, жазам, бәрін жазам, тек арыздан басқасын» деп едім, сөзімізді естіген адамдар күлісіп жатты. Мен көп уақытымды шығармашылыққа арнаймын. Жазуға да талғам керек. Ескірмейтін жанрдың бірі – ертегі. Ертегіге сенбеген бала ертеңіне сенбейді. Қазір көркемөнерді тым жалаң қылып алдық. Сапасыз, су татыған дүниесымақтар көбейді. Осыны айқайлап айта берген дұрыс па?! Әркім қолынан келгенін істейді ғой. Бірде ауылға барғанымда, Нұрсұлтан деген кішкентай інім мектептен көңілсіздеу оралды. «Бірге оқитын балаларға «менің апам – ақын» деп мақтанып едім, балалар «ақын екенін білеміз ғой, бірақ өлеңдерін түсінбейміз, бізге қызық емес» деп айтты. Біздің сыныптың балаларын қызықтыратындай ертегі ойлап таба алмайсың ба?» дегені. Кішкентай інімнің сөзі мені ойға жетеледі. Өз сөзімен айтқанда, ініме қуаныш сыйлайыншы деп, ертегі жаздым. Қазіргі уақытта ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасына негізделген «Ертегітерапия» методикалық құрал жазып жатырмын. Бұл өте қажет дүние.
-Түрік ақын-жазушыларының шығармаларын тәржімаладыңыз, жақында Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памуктың«Сезім музейі» романын қазақша сөйлеттіңіз, осы кітапты оқу үшін іздеп жүрген жастар көп. Аудармаға қалай келдіңіз?
Бір күні кітапханаға барсам, түріктің қызы мен жігітін кездестірдім. Таныса келсек, олар Астанадағы қазақ-түрік лицейінің мұғалімдері екен. Олар мені лицейге оқушылармен кездесу үшін поэзия сағатына шақырды. Көңілім соқпаса да бардым. Кеш соңында түрік ақындарының кітабын сыйлады. «Мүмкін түрік ақындарын қазақ тіліне аударарсыз?» деп қояды. Мен ішімнен «Қайдағы аударма? Қайдағы өлең?» деп мұңайдым. Шындығы сол, Жаһыт Сытхы Таранжының жыр кітабы мені қатты қызықтырды. Оның өлеңдеріндегі ой мен сезім ағыны, рух биіктігі жүрегімді қозғап өтті. Осылайша мен түрік поэзиясынан аудара бастадым.
–Әдебиет әлемінде жүргендерге ақ жарма тілегіңіз
-Жақсы жыр жазу– әркімнің-ақ арманы. Жалпы, жастар поэзиясынан еркіндік дауысы сезіледі. Бірақ тақырып аясы тар. Өз сезімдерін жырлаудан әрі аса алмай жүр. Белинский «Жеке басын жырлаудан аса алмаған ақын үлкен ақын бола алмайды» деген. Бөрідей өлең жазу үшін бөрідей мінез де керек-ақ.
- Оқырмандарыңыз үшін бір өлең сұрасақ...
ТАБИҒАТЫМ
Кеудемде – от
Көзім – жалын.
Сезінбеймін жел ызғарын.
Өзегімді өртей өтіп
Тепкілеші теңіз–дарын.
Табиғатпен егіз жаным,
Әзір аман! Сезім! Халім!
Асқартаулар ұғыңдаршы
Айтылмаған сөзім барын.
Үмітіме үкі тағып,
Келем таңды күтіп алып.
Пейілімді ағартады
Ай бетінің сүті тамып.
Аямасын бағын Құдай,
Жоғалмаспын қағынғыдай.
Ақша бұлтқа оранамын
Анам берген жамылғыдай.
Түн. Мінезін құбылтады.
Түс көріппін бүгін тағы.
Қыдыр Атам аян беріп
Құс жолымен қыдыртады.
Ұнатамын сұрапылды,
Табам содан мұратымды.
Көсегемді көгерте гөр!
Жасаған–ай! Рахымды!
Қара жерде – қалы кілем,
Тозаңданса қағып ілем.
Өлеңімді көкке жазам
Жұлдыздардың жарығымен!
Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
Последние новости
Объявления
11:02, 16 декабря
12
09:49, 17 декабря
53
09:49, 17 декабря
15
live comments feed...