• Главная
  • Атыраудағы Солтүстік айналма жолдың құрылысын келер жылы аяқтау жоспарда
14:17, Сегодня

Атыраудағы Солтүстік айналма жолдың құрылысын келер жылы аяқтау жоспарда

Скриншот из видео

Скриншот из видео

Жалпы ұзындығы 27,5 шақырымды құрайтын Атыраудағы Солтүстік айналма жолдың құрылысы 2026 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бүгінде 7 шақырым жолдың негізгі қабаты салынып, асфальт жабынының астыңғы қабаты төселді. Сондай-ақ көпірдің және жол айрығының қадалары орнатылды.  Айналма жол өзге өңірлерден қатынайтын жүк көліктеріне діттеген жеріне немесе көрші мемлекетке Атырауға кірмей-ақ шығуына мүмкіндік береді. Яғни, алдағы уақытта бұл ірі жоба көлік және логистика саласының экономикалық тұрғыда жоғарылауына жол ашады. Ол жайында Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев айтты, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Солтүстік айналма жолдың құрылысы 2023 жылы басталған еді. Жоба аясында Жайық өзені  және Сарыөзек каналы арқылы өтуге мүмкіндік беретін көпірлер салынады. Оған қоса үш жол айрығы қарастырылған.  Жайық өзенінің оң жағалауындағы «Атырау-Орал» жолының 10-шы және сол жағалауындағы «Атырау-Индер» облыстық жолының 9-шы шақырымын қосатын көпір болмақ. 

Бүгінде елдің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін жобалардың бірі – «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тас жолы. Ұзындығы 277 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахань» трассаның 272 шақырымында негізгі жол құрылысы аяқталды. Жол жиектерін нығайту, абаттандыру, тежеу жолақтарын кеңейту жұмыстары атқарылып, биыл толық пайдалануға беру жоспарланған. 

-  Көптен бері елдің көкейінде «Жолдың қалған 5 шақырымы қашан жасалмақ?» деген сауал жүр.  Қаланың шыға берісіндегі Сарыөзек көпірінен бүгінге дейін салынған «Астрахань-Атырау» трассасына дейінгі, яғни, 616-621 шақырым аралығын 1-ші санатқа ауыстыру мақсатында облыстық коммуналдық меншікке алдық.  5 шақырымды реконструкциялау үшін жобалық-сметалық құжат дайын. Жоба мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысын алды, барлық құжатты Көлік министрлігіне және «ҚазАвтоЖол» ҰК тапсырдық. Құрылыс жұмысын биыл бастау жоспарланып отыр, - деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев. 

Республикалық маңызы бар жолды реконструкциялаудың негізгі жұмысы аяқталғалы бері көлік қозғалысы 30 пайызға артқан. Бұл жұмыс аймақтың көлік инфрақұрылымы мен экономиканың дамуына және халықаралық сауданың өсуіне мүмкіндік береді. 

Өңірде іске асырылуы тиіс ірі жобалардың бірі – «Атырау-Доссор» трассасын салу. Яғни, қазіргі қолданыстағы жолдың жанына 1-ші санаттағы жаңа жол салу жоспарланып отыр. Бұл трассаның бойында ірі өндірістік компаниялар орналасқандықтан жүк тасымалы толастаған емес. Сонымен қатар бұл жол – РФ, Өзбекстан, Түркіменстан мемлекеттері мен Маңғыстау облысындағы теңіз порты арқылы Каспий маңындағы мемлекеттерге жалғайтын ірі дәліз. 

- 2022 жылы Атырау облысына жұмыс сапарымен келген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Атырау-Доссор» автомобиль жолын 3-ші санаттан 1-ші санаттқа ауыстыру, яғни, төрт жолақты жол салу туралы шешім қабылданды. Бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Салалық министрлік пен «ҚазАвтоЖол» ҰК тапсырылды. Бүгінде жолдың жобалық-сметалық құжатын жасақтап жатырмыз. Министрлік жобаны қаржыландыру мәселесін қарастыруда, - деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев. 

Транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында атқарылатын жұмыстың бірі – қолданыстағы тас жолды орташа жөндеуден өткізу. «Махамбет-Х.Ерғалиев», «Мұқыр-Құлсары» жолын орташа жөндеу жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланып отыр. 

Бұл бағытта жол бойындағы сервистік нысандар туралы да айта кетейік. Қазіргі уақытта облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдардың бойында 41 сервистік нысан орналасқан. «ҚазАвтоЖол» ҰК АОФ аудандық әкімдіктермен бірлесіп, сервистік нысандарды түгендеу және бос жер  телімдерін анықтау жұмысын жүргізді, жер телімдерін сақтау мақсатында меморандумдар жасақталды.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Новости Атырау #дороги #авто
Объявления
live comments feed...