• Главная
  • Атырауда «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздары марапатталды
10:00, 11 декабря 2023 г.

Атырауда «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздары марапатталды

фото: Аймақтық байланыс қызметі

фото: Аймақтық байланыс қызметі

Атырау қаласының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері анықталып, 10 жеңімпазға 500 мың теңгелік сертификат табысталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Қалалық Жастар ресурстық орталығы басшысының уақытша міндетін атқарушы Елдар Төремұратов бұл іс-шара жастардың білім мен ғылымға деген құштарлықтарын оятып, іргелі істерін жүзеге асыруына жасалған жағдайлардың бірі екендігін айтып өтті.

- «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты Атырау қаласында биыл алғаш рет бастау алды. Аталған грант бойынша 500 мың теңгеден 10 грант иегері анықталып, марапатталуда. Жалпы жобаның негізгі мақсаты - дарынды жастардың жаңа, батыл, серпінді, ғылыми және шығармашылық бастамаларына қолдау көрсету. Грант 5 бағыт бойынша берілді. Атап айтсақ, ғылыми, мәдениет, ақпараттық технологиялар және бизнес пен медиа салалары қамтылып, жобалар қабылданды. Грант иегерлерін құттықтай отырып, шығармашылық жетістіктер, ғылыми жаңалықтар мен жаңа ізденістер, толағай табыстар тілейміз. Бүгінде бізде «Тәуелсіздік ұрпақтары», «Сенің бастамаң» сынды жобалар бар. Алдағы уақытта жастарды қолдау мақсатында осындай іс-шаралар қатарын толықтыру жоспарланып отыр, - деді Е.Төремұратов.

Салтанатты шара барысында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері Қуат Жанесеев өз жобасының мақсатымен бөлісті.

- Мен Индер ауданы Елтай ауылының тұрғынымын. Бұл грант туралы әлеуметтік желіден байқап, өзімнің бағымды сынап көрген едім. Қатысқан 50 адамның ішінен суырылып шығып, грант иегері атандым. Ұсынған жобам «Бақытты балалық шақ» деп аталады. Яғни, алдағы уақытта Индер ауданында мұз айдынын ашқым келеді. Гранттан түскен қаражатқа керек құрал-жабдықтарды алып, кәсібімді дамытсам деймін. Сондай-ақ Индер ауданына қарасты мүмкіндігі шектеулі, ерекше баласы бар ата-аналарға және көп балалы отбасыларға арнайы конькилерді тегін беремін. Бұл арқылы өзіме де біраз пайда келеді деген ойдамын, - деді Қ.Жанесеев.

Аталған конкурс биыл 11 қараша күні басталған болатын. Оған 14 жастан бастап, 35 жасқа дейінгі Атырау облысының жастары үміткер ретінде қатысқан. Жобаға 50-ден астам қатысушы өтінім берген. Соның ішінде комиссия мүшелерінің шешімімен іріктеуден 16 үміткер өтіп,  1 желтоқсан күні 10 жеңімпаз анықталды.

Олар: Айкөркем Сатымова - «Ақылды бала», Дильназ Ислямова - «Тігін шеберханасын ашу», Шұға Жексемалиева - «Бірге», Нұркөркем Ғабит - «NUR Cake», Қуат Жанесеев - «Бақытты балалық шақ», Айнур Нурымбетова - «Үздіксіз қуат көзі», Ақтілек Бисембай - «Әлемді қазақша таны», Нұрсұлтан Нұрғалиев - «Құрылыс жабдықтары мен құралдарын жалға беру», Бақдаулет Өміртаев - «3D Engineering», Ғибадат Мыңбай - «Антибуллинг» жобасы бойынша жеңімпаз атанды.

Айта кетейік, «Тәуелсіздік ұрпақтары» арнайы гранты 2021 жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жастардың жасампаз жобаларын жүзеге асыру мақсатында тағайындалған болатын.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #грант #"Тәуелсіздік ұрпақтары"
Объявления
live comments feed...