• Главная
  • Төтенше жағдайлар департаменті облыс бойынша қыс мезгіліне дайындық жұмыстарын аяқтады
16:00, 12 октября 2023 г.

Төтенше жағдайлар департаменті облыс бойынша қыс мезгіліне дайындық жұмыстарын аяқтады

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

фото: Аймақтық байланыс қызметі.

Атырау облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті бірқатар жұмыстарды іске асырып, нәтижесінде 2023-2024 жылдардың қыс мезгіліне дайындықты аяқтады. Бұл туралы облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, Азаматтық қорғау майоры  Жантөре Демешов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Оның айтуынша, қыс мезгіліне дайындық аясында өрт сөндіру бөлімдеріне тексеру жұмыстары жүргізіліп, құрал-жабдықтар мен автокөліктер түгенделген және маусымдық техникалық күтімдер жасалған.

- Қысқы маусымға дайындық бойынша барлық өрт сөндіру бөлімдерінің жылу жүйелеріне қысымды тексеру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар өрт сөндіру бөлімдерінің есік-терезелерін, шығу қақпаларын қымтау жұмыстары толықтай аяқталды. Биыл қазан айында барлық өрт сөндіру бөлімдерінің, жедел-құтқару жасағының қысқы дайындығын тексеру кезінде автокөліктердің қымтағыш материалдары, қыздыру лампалары, факельдері, жұмсақ және қатты тростарының жарамдылығына көз жеткізілді. Автокөліктерге маусымдық техникалық күтім жоспар бойынша уақтылы жүргізілуде. Жалпы облыс бойынша 138 өрт сөндіру техникасы бар, оның ішінде 63 негізгі, 21 арнайы және 54 көмекші құралдар, - деді Ж.Демешов.

Сондай-ақ ол, республикалық және облыстық автомобиль жолдарында қозғалыстың шектелуі кезінде өзара іс-қимыл бойынша «Қазгидромет» РМК, «ҚАЖСервис», Атырау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы және «Атырау облысы Полиция департаменті» мекемелерімен жоспарлар бекітілгендігін айтып өтті.

- Қазіргі таңда гарнизонға қарасты әртүрлі мақсаттағы 20 ғимарат бар. Оның ішінде 15 ғимарат табиғи газ отынымен автономды жылыту жүйесімен қамтылған, 2 ғимарат орталық жылу жүйесіне қосылған және  3 ғимарат автономды электр қазандығы арқылы жылытылады, - деді Ж.Демешов.

Айта кетейік, бүгінде өңірімізде өртке қарсы қорғау бойынша 14 өрт сөндіру бөлімі жұмыс жасауда. Атырау облысы ТЖД-нің штат саны - 859 адам. Нақтырақ, ТЖД - 110, «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі - 673, Жедел-құтқару жасағы – 76 қызметкермен қамтылған. Сондай-ақ Жедел-құтқару жасағы мен өрт сөндіру бөлімдерінде ауа райы күрделенген жағдайда жұмылдырылатын 77 жол талғамайтын автокөлік бар. Атап айтқанда, қала бойынша 42 бірлік, ал аудандарда 35 бірлік қарастырылған.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #қысқы кезеңге дайындық
Объявления
live comments feed...