• Главная
  • Атырау облысы әкімінің орынбасары медициналық қызметтердің сапасын жақсартуды және халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды
19:00, 30 декабря 2022 г.

Атырау облысы әкімінің орынбасары медициналық қызметтердің сапасын жақсартуды және халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды

фото: Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

фото: Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырауда облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен өткен кеңесте азаматтарды әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамтамасыз ету және медициналық мекемелер көрсететін қызметтердің сапасы мәселесі қаралды, Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

 Атырау облысы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) филиалының директоры Байтолла Ғазизовтың айтуынша, аталған жүйенің жұмысы басталған 2020 жылы өңір бойынша медициналық сақтандыруы жоқ 98 мыңға жуық тұрғын болған. Ал әлеуметтік медициналық сақтандырылатын тұрғындардың жалпы саны сол кезде 600 мыңнан астам адам болды. 

2022 жылғы 1 желтоқсандағы статистикалық деректер бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс азаматтардың саны - шамамен 82 мың адам. Басым бөлігі Құрманғазы және Исатай аудандарында, Атырау қаласында. Төмен көрсеткіш бірқатар факторларға, соның ішінде азаматтардың әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы жеткіліксіз хабардар болуына байланысты. Сонымен қатар, кейбір жұмыс берушілер өз қызметкерлерін медициналық сақтандырумен қамтымай, міндетті төлемдерді ӘМСҚ-ға уақытылы аудармай отыр.

- Жыл басынан бері әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Атырау филиалына азаматтардан көрсетілетін медициналық қызметтердің, соның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасына қатысты өтініштер келіп түсуде. Жыл басынан бері 348 өтініш келіп түссе, тиісті тексерулер жүргізілгеннен кейін оның

 219-ы негізсіз деп танылды. 69 жағдайда азаматтардың талаптары расталып, кемшіліктерді жою үшін шаралар қабылданды. Қалған жағдайлар бойынша медициналық мекемелер дәрігерлерге қатысты тәртіптік ықпал ету шараларын қабылдады, - деді Байтолла Ғазизов.

Филиал қараша айында барлық аудандарда халықпен кездесу өткізіп, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметі туралы түсіндіру жұмысын жүргізді. Кездесулер барысында азаматтардан көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына байланысты шағымдар келіп түсті. Тұрғындар : «Біз ӘМСҚ-ға міндетті жарна төлейміз, бірақ көрсетілетін тегін қызметтердің сапасы төмен. Сондықтан ақылы қызметтерді алу үшін жеке клиникаларға баруға мәжбүрміз»- деді. Осыған байланысты әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Атырау филиалының директоры Б.Ғазизов облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевке халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру және ӘМСҚ имиджін көтеру үшін тиісті органдарға нақты тапсырмалар беру туралы өтініш айтты.

Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімінің орынбасары Ж.Бисембиев халық арасында әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысы туралы әлеуметтік желілер арқылы да түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, азаматтардан көрсетілген тегін медициналық қызметтердің сапасы туралы келіп түскен шағымдар мен өтініштерге талдау жүргізуді және оларды жою үшін шаралар қабылдауды тапсырды.

- Келесі кездесуімізде кеңестің барлық қатысушылары халық арасында түсіндіру жұмыстарын іске асыру және әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалатын азаматтар санын азайту жөнінде нақты ұсыныстар дайындауы керек. Медициналық сақтандырумен кеңірек қамтуға кедергі келтіретін барлық себептер мен факторларды егжей-тегжейлі анықтау қажет. Бұдан басқа, тиісті мемлекеттік органдарға жұмыс берушілердің өз қызметкерлері үшін міндетті төлемдерді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына уақтылы аударуын бақылауды күшейту керек,- деп тапсырды облыс әкімінің орынбасары Ж.Бисембиев.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Атырау #медициналық қызметтер
Объявления
live comments feed...